Ерте ерте ертеде, өзге елге саяхат жасаймын деген адамның ғұмыры тек осы іске сарп болатын заманда, адамзат Жердің пошымының қандай екенін, оның Күнді неге сонша тәуелділікпен шыр айналатынын білмейтін кезде - дәулер мекен ететін үңгірлер құрлықтарды бір-бірімен жалғастырып жататын, ал құдайлар болса, тіршілік ағынын жіті бақылауда ұстайтын… Сол бір көне заманда мұхиттардың арғы бетіндегі бір елде жаратылысы бөлек, керемет сұлу бойжеткен ғұмыр кешіпті. Оның есімі Аризона болатын.
Аризона тайпа көсемінің қызы еді, сондықтан бала кезінен мұқтаждық дегеннің не екенін білмеді. Үлде мен бүлдеге оранып, ең әдемі күміс әшекейлерді тағып жүретін, ең жақсыны ішіп-жейтін, ең таза, ең кәусар су да Аризона алдына қойылатын. Оның сүйіктісі де бар еді, ол өте адал және батыр жігіт-тұғын, және тайпа көсемінің жалғыз қызын құлай сүйетін. Аризона да оған ғашық еді. Дегенмен Аризонаны бақытты деп айтуға болмайтын. Себебі ол өзінің байқұс халқының қамын жейтін. Жылдан жылға елдегі қарапайым адамдардың тіршілігі қиындап бара жатқан. Су аз болатын, ал егістік құрғақ та ыстық желге төтеп бере алмай, қап-қара күйікке айналған.
Аризона шамандардан бұл нәубеттен қалай құтылуға болады деп сұрайды. Шамандар: «барлығы құдайлардың қолында»,- деп жауап берді,- «бірақ құдайлар мекеніне сапар шеккен ержүрек адам қатал сынақтан өтуге тиіс. Осы күнге дейін Құдайлар әлемінен бірде-бірі пенде тірі оралған емес». Аризона өзінің сүйіктісімен кеңескеннен кейін, сапарға бел буады. Олар құдайлар мекеніне жол тартады, ұзақ адасады. Ақыр аяғында бір әулие оларға қасиетті лабиринт туралы құпия сырды ашады. Аризона мен оның сүйіктісі лабиринттің қақ ортасына жеткен кезде көне алтарьды көреді. Ол жерде «мұнда адам қанын төгу арқылы мұратыңа жетесің» деп жазылып тұр екен. Тайпа көсемінің қызы сүйіктісінің жүзіне соңғы рет қарады да, алмас қанжарды жүрегіне сұқты. Жігіттің қаны алтарьға құйылды, Аризонаның да жүрегі қақ айырылып, жанарынан ыстық жас төгілді. Сол мезетте лабиринт қабырғалары ғайып болып, Аризона сәулетті сарайдың қақ ортасынан бір-ақ шықты. Алтын, күміс, асыл тастар, аппақ мәрмәр бағаналар, жұмақ құстары, мыңдаған әсем гүлдердің жұпары… Бірақ Аризона бұлардың бірін де байқамаған. Себебі оның алдында Құдайлар отырған. Мысықбас, құсбас, қасқырбас, қыранбас құдайлар… бірінің денесі жыландікіндей, біреуі бұқа тұрпатты, енді бірі жылқы… қанаттары болса аққудікіндей аппақ… Көпқолды, көпкөзді, періштедей сұлу, құбыжықтай үрейлі… Олар үлкен дастархан басында отыр екен. Аризонаны көріп, барлығы үнсіз қалды. Содан кейін төрде отырған Бұқабас құдай: «неменеге келдің, біздің тыныштығымызды бұзатын сен кімсің?» деді. Аризона дірілдеген дауыспен: «Құдіреті күшті Құдайлар, менің халқым құрғақшылық құрбаны болып барады. Көмектесе көріңіздерші» деді. Сонда әлгі құдай: «тайпаңды құтқарсын десең, біздің қандай сусын ішіп отырғанымызды тап» деді. Сол мезетте Аризонаның алдында ондаған ыдыс пайда болды. Хрусталь шыныдағы - сары сусын, алтын ыдыстағы - қызыл сусын, мұздан қашалған ыдыстағы - көгілдір сусын, ағаш ыдыстағы - түссіз сусын, темір ыдыстағы - сарғылт сусын… Аризонаның назарын аппақ ыдыста қайнап тұрған қара қошқыл сусын аударды. Ол осы сусынды таңдаған. «Қателестің!» деп гүр ете қалды бұқабас құдай. «Бұны да құдайлар ішетін сусын деуге болады, бірақ оның сиқыры жоқ. Құдайлар сусыны дегеніміз – ағаш ыдыстағы қарапайым су. Су – өмір емес пе? Аризона, біз сенің өтінішіңді орындай алмаймыз. Жұмбағымызды шешкеніңде адуынды өзенге айналып, ел-жұртыңды құрғақшылық апатынан құтқарар едің. Отаның гүлге оранып, бірнеше жылдан кейін болатын алапат басқыншылыққа төтеп берер қуат жинар еді. Ал енді сенің тайпаң әлсірей бермек, шамандарың ата-баба ілімін ұмытады, үйлер қаңырап бос қалады, жауға қарсы тұрар қара табылмайды. Бірақ сен өлмейсің! Жоқ! Сен адамдар әлемінің бір түкпірінде өте ұзақ ғұмыр кешесің. Сүйіктің де қасыңда қалады, бірақ сендер бірге бола алмайсыңдар. Бұл қарғыстың қуатын жою үшін адамдар сенің, сенің махаббатыңның және туған тайпаңның түбіне жеткен мына қара қошқыл сусынның құпиясын ашуға тиіс. Осылай болады!».
Осылайша құдайлар бейшара Аризонаны ұсақ, алқызыл жемістері бар ағашқа айналдырды, өте алыс, ыстық мекенге қоныс аударды. Ол құмды шөлде мойындары ұзын сары ала жануарлар пальма биігіне ұмсынып, тұмсығымен тіміскілеп банан жемісін іздейді екен. Аризонаның сүйіктісіне жан бітірген құдайлар оны алып, қаһарлы арыстанға айналдырды.
Ғасырлар алмасып жатты. Құрлықтар бір-бірінен алыстай берді, дәулердің тылсым үңгірлерін мұхиттар жұтты, халықтар болса, бірін-бірі қырып, жаңа жерлерді басып алып, бірде пайда болып, бірде жоғалып жатты. Ғылым адамдарды аурулар мен апаттардан құтқарды. Маймыл, қыран пошымды қаһарлы құдайлар да ұмыт болды, олар адамдар санасында тас мүсіндер мен ертегі кейіпкерлері ретінде ғана қалды. Олардың орнын басқа құдайлар басты, басқа заңдылықтар келді. Дегенмен адамдар ғана бірін-бірі қыруды жалғастыра берді. Кейде құдай жолында да қырғындар болып тұрды… Ағаш болса күміс қоңырау бұлақтың жағасында өсіп жатты. Адал арыстан ғана ағаш тамырларын бауырына басып, қатігез қалыңдығын күзетіп тыным таппайтын.
Күндердің бір күні Қалдым атты бақташы бала жоғалған ешкісін іздеп, бұлақ басына келеді. Ешкіні ұстамақ болып әрекеттенген Қалдым оның қолды аяққа тұрмай секектеп, ерекше жылдам болып кеткенін байқады. Екі көзі жалт-жұлт етеді. Ешкі де, Қалдым да бұталар арасында жасырынып, бұларға мұңдана қарап жатқан арыстанды байқамаған. Қалдым ешкіні әрең дегенде ұстап алады. Кетерінде ғажайып ағаштың бір уыс жемісі мен жапырағын өзімен бірге ала кетеді. Ауылына жеткен соң жемістерді жергілікті ғибадатхананың ұстазына тапсырған. Ол болса, бұл жемістерді қайнатып, сусын әзірлейді. Содан бері бұл монастырьдегі бірде бір монах қасиетті қызмет кезінде қалғып кетпейтін болған…
«Кофе» деп аталатын таңғажайып сусын туралы аңыз көрші ауылдарға, содан кейін өзге елдерге де жетті. Бірақ Аризона мен оның сүйіктісі бұл туралы естіген жоқ. Құдайлар айтқандай-ақ, олардың жандары қарғыс құрсауынан босанып шығып, қол ұстасқан күйі мәңгілікке аттанып кеткен.
Бірнеше ғасырдан соң кофе бүкіл планетаны жаулап алды. Ол адамдардың сүйікті сусынына айналды, кезінде Аризона мекен еткен елге де жетті. Ол жерде өзінің тайпасын құтқармақ болған ержүрек қыз туралы аңыз әлі күнге дейін сақталған. Ол мекен қазір де «Аризона» деп аталады. Түрлі тілдерде бұл есім «күміс әкелетін», «шағын қайнар», тіпті «құрғақ жер» деген мағыналарға ие…
Адамзат бойына сиқырлы қуат сыйлайтын кофе ағашы мен ғашығын күтіп сарылған адал арыстан туралы аңыз бізге де жетті. Бұл оқиға шын болды ма әлде қасқыр, қыран сипат құдайлардың қалжыңы ғана ма… кім білсін… Дегенмен жұпар иісі аңқыған ыстық кофе ішіп отырғанда дүниенің бүкіл ғажайыптарына сенгің келеді…